Ұлттық спорт – жай ғана дене шынықтырудың немесе сайыстың түрі емес, ол – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухының айнасы, елдік болмысымыз бен батырлық дәстүріміздің айқын көрінісі. Ат үстінде садақ тартып, мергендігімен танылған бабалар жолын жалғастыру – бүгінгі жастарға артпақ жауапты міндеттің бірі. Осы орайда Жаңақорған ауданында ұлттық спортты дәріптеу, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру, жас спортшыларға өнеге көрсету және чемпиондардың жетістік жолын кеңінен насихаттау мақсатында «Жеңімпаз жастармен жүздесу» атты тағылымды кездесу өтті.

Бұл жиын өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық пен қайсарлықты ұялатып, дұрыс бағыт-бағдар беруге арналған маңызды шараға айналды.
Кездесудің басты кейіпкерлері – жамбы атудан ел намысын халықаралық әрі әлемдік деңгейде абыроймен қорғап жүрген саңлақтар болды. Шараға ҚР чемпионы және Азия чемпионы Махамбет Нұрман, 2025 жылғы ҚР чемпионы Исрайыл Алтынай, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі 2026 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асхан Заңғар, сондай-ақ жамбы атудан жаттықтырушы, ҚР спорт шебері, 2025 жылғы Азия чемпионы Өміртай Ғалымжан арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алысты. Ел байрағын көкке көтеріп жүрген чемпиондардың қатысуы жиынның маңызын арттырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кездесу барысында спортшылар жамбы ату өнеріне қалай келгендері, чемпиондыққа апарар қиын да қызықты жолдары, жауапты жарыстар кезіндегі сезімдері мен дайындық барысы туралы ашық әңгіме өрбітті. Жастар тарапынан қойылған әртүрлі сұрақтарға тұщымды жауап беріліп, ұлттық спорттың ерекшеліктері мен кәсіби спорттағы үлкен тәжірибе кеңінен бөлісілді. Чампиондар өз сөзінде: «Жеңістің артында – тынымсыз еңбек, тәртіп, төзім және үлкен мақсат бар» – деп атап өтіп, жастарды спортпен тұрақты айналысуға, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және алға қойған мақсатқа табандылықпен жетуге шақырды.
Шара соңында ел мерейін өсіріп, абыройын асқақтатқан спортшыларға лайықты құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында чемпиондарға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы кітабы сыйға тартылды. Өнегелі өмір жолы мен жеңіске деген ұмтылысты дәріптеген бұл кездесу Жаңақорған жастарына зор мотивация беріп, ұлттық спортты жаңа белеске көтеруге жасалған маңызды қадам болды.



