Jaqtime.kz Қызылорда облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде ерекше рекордтық көрсеткіш тіркелді. Аймақтық тестілеу орталығында бағын сынаған ауыл мектебінің түлегі Альфия Балхан ең жоғары – 140 балл жинап, облыс мерейін үстем етті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылындағы №232 М.Байділдаев атындағы орта мектептің түлегі бұл жетістікке үлкен дайындық пен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізген. Дарынды талапкер негізгі білім сынағында «Қазақ тілі – қазақ әдебиеті» пәндері комбинациясы бойынша 138 балл иеленсе, кейін ҚАЗТЕСТ нәтижесіндегі «Қазақ тілі» пәні бойынша балын конвертациялау арқылы жалпы көрсеткішін максималды 140 баллға жеткізді.
Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандайтын Альфия ҰБТ-ға дайындықты 11-ші сыныпқа өткеннен бастап өте жүйелі түрде жүргізгенін айтады. Оның сөзінше, ана тіліне деген ерекше құрметі мен қазақ әдебиетіне деген зор қызығушылығы осы мамандықты таңдауына басты себеп болған.
Өз жетістігіне масаттанбай, алдымен қамқорлық танытқан жақындарына ризашылығын білдірген бойжеткен ҰБТ-ға дайындық барысында әрдайым демеу болып, сенім артқан ата-анасы мен білім нәрін сепкен ұстаздарына ерекше алғыс айтты. Ауыл мектебінен шығып, білім шыңын бағындырған Альфияның бұл табысы аймақтағы өзге де талапкерлерге үлкен мотивация болары сөзсіз.



