spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорғанда егінге алғашқы орақ түсті

Жаңақорғанда егінге алғашқы орақ түсті

Jaqtime.kz Сыр өңірінің берекелі топырағында тағы бір маңызды науқан басталды. Ауыл шаруашылығы саласының тамырына қан жүгірткен Жаңақорған ауданында биылғы егін жинау жұмыстары ресми түрде басталды. Осыған орай Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Сұңқар» шаруа қожалығының иелігіндегі алқапта дәстүрлі «Дала күні – 2026» салтанатты жиыны өтті.

Атаулы шара сап түзеген заманауи темір тұлпарлардың қуатты үнімен, дала еңбеккерлерінің жүзіндегі қуанышпен ашылды. Бұл басқосу – тек егіс басталғанын хабарлайтын жиын емес, жыл бойы төгілген маңдай тердің, жер анаға деген сүйіспеншілік пен тынымсыз еңбектің мерекесі.
Ел ырзығын еселеуге жиналған көпшіліктің қатарында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Амалбеков, өңірдің бетке ұстар зиялы қауым өкілдері, елді мекен әкімдері мен егін шаруашылығын дөңгелетіп отырған қожалық басшылары болды. Дала төсінде тігілген ақ отаулар мен көрмеге қойылған техникалар мерекенің сәнін кіргізе түсті.


Саланың тыныс-тіршілігін баяндау үшін сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев биылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы міндеттерге тоқталды. Ол ауыл шаруашылығы өнімдері мен соңғы үлгідегі техникалардың көрмесін таныстырып, диқандардың техникалық дайындығы жоғары екенін жеткізді. Басқосуда сөз сөйлеген аудан басшысы Жарқынбек Ғалымжан еңбеккерлерді орақтың басталуымен құттықтап, егіс көлемінің жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Баршаңызды бүгінгі «Дала күні – 2026» шарасымен және ақ астықты жинау науқанының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл аудан бойынша 38 мың 232 гектар жерге түрлі дақылдар орналастырылды. Бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда 2 мың 155 гектарға артық. Бұл көрсеткіш егістік көлемінің ұлғайып, ауылдағы ағайынның өндірістік қауқары мен мүмкіндігі кеңейе түскенін айқын көрсетеді, – деді аудан басшысы.


Оған қоса, аудан бойынша су үнемдеу технологияларын қолдану өріс алып келеді. Биылдың өзінде бұл озық әдіс 2 мың 370 гектар жерге енгізілген. Ысырапқа жол бермеу және су тапшылығының алдын алу мақсатында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының тапсырмасына сәйкес маңызды қадамдар жасалуда. Аудан аумағындағы «Р» санатындағы негізгі 15 каналды бетондау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 6 каналы бойынша жобалық құжаттар толық әзірленді. Осы ауқымды бастама толық жүзеге асса, 16 314 гектар суармалы жерді кедергісіз, тұрақты түрде тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жол ашылады.
Салтанатты сәтте дала төсінде ерінбей еңбек етіп, аймақ экономикасын көтеруге үлес қосқан бір топ диқандар мен техника тізгіндеген мамандар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Биылғы «Дала күні» шарасының тағы бір тағылымды тұсы – ел тарихында өшпес із қалдырған еңбек ардагерлерінің өнегесін ұлықтау болды. Өмір бойы Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсаған аяулы азамат Машбек Нәлібаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Шара барысында ардақты тұлғаның ғибратты ғұмыры мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі жолы кеңінен сөз болды.
Жиын соңында Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Молдахмет Ибрагимов дала еңбеккерлеріне ақ батасын беріп, өнімнің берекелі болуын тіледі. Мерекелік жиын ауыл тіршілігін, маңдай тердің қадірін ұғындыратын әсерлі мәдени қойылымдармен түйінделді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР