
Жаңақорған ауданында халықпен ашық диалог орнату, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын саралау және өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатындағы кездесулер жалғасуда. Осы орайда аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан арнайы жұмыс сапарымен Байкенже, Кейден, Жайылма ауылдары мен Шалқия кентінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Аудан басшысымен бірге бұл сапарға аудан прокуроры Бақытхан Бөлеулиев, аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Амалбеков және аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов қатысты.
Кездесулер барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформаларға, Жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына және еліміз бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының барысына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың тікелей қолдауымен аймақта және Жаңақорған ауданында инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады.
Өз кезегінде аудан прокуроры Бақытхан Бөлеулиев «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан ауылдық жерлердегі инфрақұрылым, әлеуметтік сала, ауыз су, жол және абаттандыру мәселелері бойынша бірқатар көкейкесті сұрақтар мен ұсыныстар ортаға салынды. Ашық пікірлесу форматында өткен басқосуда көтерілген әрбір сұраққа нақты әрі тұжырымды жауаптар берілді. Ал заң аясында қосымша зерделеуді, қаржыландыруды немесе уақытты талап ететін күрделі ұсыныстар бойынша арнайы тиісті жұмыстар жүргізіліп, олардың нәтижесіне сәйкес қажетті шаралар қабылданатыны айтылды.
Аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ мектеп, балабақша және мәдениет саласының басшыларына халықпен тығыз байланыста болып, елді мекенде тұрақты тұруды, тұрғындардың талап-тілегіне жедел үн қатып, ел игілігі жолында жоғары жауапкершілікпен қызмет етуді тапсырды.

Кездесулер аяқталған соң аудан басшысы мен арнайы жуықтағы топ елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жаңа оқу жылы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтады. Аралау қорытындысы бойынша жауапты сала басшыларына білім беру ұйымдарының толық әзірлігін қамтамасыз ету, қысқы маусымға сапалы дайындалу, сондай-ақ ауылдардың санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.



