Jaqtime.kz Ұлттық спорт – елдің рухы, тарихы мен бабалар аманаты. Соңғы жылдары қайта түлеп, халықаралық аренада өзіндік орнын қалыптастырып келе жатқан мергендік өнер – жамбы атудан отандық спортшыларымыз тағы бір мәрте биік белесті бағындырды. Жақында Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласында өткен жамбы атудан Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, топ жарған Жаңақорған ауданының спортшыларын жерлестері аудан орталығындағы орталық алаңда зор қошеметпен қарсы алды. Дүбірлі додада дара шығып, Көк туымызды көкке көтерген азаматтарды ұлықтауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.

Салтанатты жиын барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Аудан басшысы өз сөзінде: «Сіздерді Моңғолия елінің Ұлан-Батыр қаласында өткен жамбы атудан Азия чемпионатындағы жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Көк туымызды әлемдік аренада желбіретер өзіңдей жастар мемлекетіміздің, тұтастай халықтың мақтанышы деп білемін. Бүгінгі жетістіктеріңіз ауданымыздың ұлттық спортының дамуына жаңа серпін беріп, мыңдаған жастың спортқа деген құлшынысын арта түсетініне сенімдімін», – деп ақжарма тілегін білдірді. Атаулы салтанатты шара барысында ел абыройын асқақтатқан спортшыларға арнайы қаржылай сый-сияпаттар салтанатты түрде табыс етілді.

Дүбірлі халықаралық додода Жаңақорғанның намысын қорғаған мергендер бірнеше стиль бойынша топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін айта кеткен жөн. Жастар арасында бақ сынаған Маханбет Нұрман «Корей» стилінен 1-орынды, «Жамбы» стилінен 2-орынды иеленіп, мергендігінің арқасында жалпы есепте 1-орынды жеңіп алып, Азия чемпионы атанды. Ал Асхан Заңғар «Корей» стилінен 2-орын, «Түрік» стилінен 2-орынға табан тіреп, жалпы есепте 3-орынды қанжығасына байлады. Ересектер арасында сынға түскен Пернебай Ақәділ де шеберлік танытып, «Корей» стилінен 2-орын, «Массай» стилінен 2-орынның жүлдегері атанды. Жас дарындар мен тәжірибелі спортшылардың бұл биікті бағындыруына жеңімпаздардың бапкері Өміртай Ғалымжанның қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі орасан зор.
Азия чемпионатында қол жеткізген бұл зор жетістік – тек Жаңақорған ауданы үшін емес, бүкіл еліміздің ұлттық спорт саласы үшін үлкен мақтаныш. Бабалар өнерін ұлықтаған жас мергендердің алдағы әлемдік жарыстарда да көк байрағымызды биікте желбірете береріне сенім мол.



