Jaqtime.kz Мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық форматқа көшіру және халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын заман талабына сай арттыру — бүгінгі күннің басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін беріп отыр. Осы ретте облыс әкімінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте «Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі» мәселесі арнайы сараланып, заманауи технологияларды жергілікті деңгейде енгізудің маңыздылығы талқыланды.

Өңірлік басқосудан соң Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбек арнайы аппараттық мәжіліс өткізіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді сарапқа салды. Мәжілісте айтылғандай, биылғы жылдың 7 айында ауданда 53 мемлекеттік қызмет түрі бойынша жергілікті тұрғындарға 5 714 қызмет көрсетілген. Аудан басшысы заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ететінін баса айтып, бұл бағыттағы сапаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен бірге жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей қатысты маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, Жаңақорған кентіндегі әлеуметтік осал топтарға арналған 200 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы басты назарға алынды. Мемлекет тарапынан бұл жобаға 1,1 миллиард теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар басталғанымен, қазіргі құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Жұмыс барысының баяулығын сынға алған аудан әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс ырғағын тез арада жандандыруды және әрбір үйдің сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Мәжілісте көтерілген тағы бір өзекті бағыт — халықпен кері байланыс орнату және тұрғындардың өтініштерін сапалы қарау мәселесі болды. Жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша Жаңақорған ауданына «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 828 өтініш тіркелген. Оның 433-і жеке тұлғалардан түссе, 395-і заңды тұлғалар тарапынан жолданған. Аудан басшысы әрбір өтінішке үстірт қарауға жол бермей, заң талаптарына сәйкес нақты, толық әрі негізді жауап беру қажеттігін ескертті. Тұрғындар шағымында анықталған кемшіліктерді дер кезінде жойып, халықпен ашық диалог жүргізу — мемлекеттік орган қызметкерлерінің басты міндеті екені баса айтылды. Мәжілісті қорытындылаған Ғалымжан Жарқынбек жүктелген барлық тапсырмалардың орындалуы тікелей әкімдік бақылауында болатынын жеткізді.



