Jaqtime.kz Жазда бензин бағасы бірден 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін бе? Мәжіліс кулуарында журналистер бұл сұрақты ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке қойған болатын. Министрдің мәлімдеуінше, елімізде жанармай бағасын мемлекеттік реттеу жойылған. Сондықтан отын құны енді тек нарық заңдылықтарына — ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты белгіленеді.

Қазіргі уақытта бағаның 3–4 теңгеге ғана өскені байқалды және нарыққа қатысушылар бұл өзгерісті әділ деп санаса, баға осы деңгейде құбылады. Дегенмен, министр отын құны бірден 100 теңгеге дейін күрт көтеріледі деген болжамдарды теріске шығарды. Ол әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап кетпегенін, қазір барреліне шамамен 93,5 доллар деңгейінде тұрғанын алға тартты.
Ерлан Ақкенженов қазақстандықтарды сабырға шақырып, Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және бағаны ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы бекітілген мораторий аясында АИ-92 бензині 213–239 теңге, дизель 317–337 теңге аралығында ұсталып, 2026 жылдың алғашқы айларына дейін тұрақты болған еді. Алайда, «Ашық НҚА» порталындағы бұл шектеулер жойылғаннан кейін, отандық отын нарығы біртіндеп еркін баға белгілеу жүйесіне көше бастады.



