Ел дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, маңдай тері мен табанды еңбегінің арқасында қалың бұқараның ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген ардақты азаматтарды ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парасатты борышы. Осындай тағылымды дәстүрдің жарқын көрінісі ретінде Сыр өңіріндегі берекелі Қожакент ауылында айтулы спорттық шара өтті. Ауыл шаруашылығы саласының майталманы, ел сыйлаған Еңбек ардагері Амантай Әпетұлын еске алуға арналған шағын футболдан дәстүрлі облыстық ашық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Бұл дүбірлі дода – тек спорттық бәсеке ғана емес, адал еңбегімен елге танылған арда азаматтың өнегелі өмір жолын кейінгі буынның санасына сіңіріп, жастарды отаншылдық пен ортақ іске адалдыққа баулитын тағылымы мол мәдени-спорттық оқиғаға айналды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған жолдауларында: «Еңбек адамдарын дәріптеу арқылы қоғам мәртебесін көтеру керек. Адал әрі табанды еңбегімен елге танылған адамдар қашанда құрметті», – деп баса айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы сара бағытын басшылыққа ала отырып ұйымдастырылған бұл салтанатты жиынға өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік өмірінде айрықша орны бар ел ағалары мен сыйлы қонақтар арнайы қатысты.

Шараның төрінен табылып, жас спортшыларға қолдау білдірген мәртебелі меймандардың қатарында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дуйсенбаев, сондай-ақ елге танымал қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нәжімадин Мұсабаев, Бақыт Нұртазаев болды. Олармен бірге Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Куттыкожаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған ел ағалары турнирдің салтанатты ашылуына куә болып, бұқаралық спорттың дамуына өзіндік үлестерін қосты.
Жарыстың ресми ашылу салтанатында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы сөз алып, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың арнайы жолдаған ыстық ықыласы мен құттықтауын жиналған қауымға жеткізді. Аудан басшысы өз сөзінде еңбек ардагерінің өнегелі жолын тілге тиек етіп, турнирге қатысушы барша командалар мен спортшыларға ашық бәсекеде сәттілік пен жеңіс тіледі.

Бұдан бөлек, сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, белгілі қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев және Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Әсет Жиенқожаев ортаға шығып, жарысқа қатысушыларға өздерінің жүрекжарды ізгі тілектерін арнады. Олар өз сөздерінде адал еңбегімен абыройға бөленген тұлғаларды ұлықтаудың маңыздылығын атап өтіп, спортшыларды достық пен таза бәсеке принципін ұстануға шақырды.
Биылғы дәстүрлі турнирдің ауқымы кеңейіп, географиясы айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. Елдің әр өңірінен жиналған сайдың тасындай іріктелген командалар тартысты бәсеке көрсетеді деп күтілуде.

Атап айтқанда, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Түркістан, Тараз, Қызылорда сияқты ірі қалалар мен көршілес Шиелі ауданынан келген барлығы 14 команда турнир кубогы мен жүлделі орындарды өзара сарапқа салып, жасыл алаңда бақ сынауда.
Спортты серік еткен, бұқаралық спортты насихаттайтын осындай тағылымды дода – елге еңбегі сіңген арда азаматтардың есімін ұлықтап, олардың қалдырған өнегелі ісін кейінгі буынға үлгі етіп қалдырудың жарқын мысалы болады. Осындай маңызды шаралар халықтың бірлігін бекемдеп, жастардың отаншылдық рухын асыра түсері сөзсіз.



