Денсаулық — зор байлық
Jaqtime.kz Шипа іздеген науқас үшін білікті дәрігердің жылы сөзі мен дұрыс қойған диагнозынан артық қуаныш жоқ. Сондықтан да халқымыз өз ісінің шебері болған ақ халатты абзал жандарды әрқашан ерекше құрметтейді. Ақпараттық сайтымыздың кезекті кейіпкері – талай күрделі диагноздың сырын ашып, науқастардың шынайы алғысына бөленіп жүрген тәжірибелі терапевт — Гүлжан Есқараева.
Бұл дәрігерді қалың жұртшылықтың өзі арнайы іздеп келеді. Өйткені ол әр адамның дертін мұқият тыңдап, жүрекке жол таба білетін білікті маман. Тәжірибелі дәрігермен өрбіген сұхбатымызда мамандықтың қызығы мен қиындығы, адалдық пен бүгінгі медицинаның тыныс-тіршілігі кеңінен сөз болды.

– Гүлжан ханым, оқырмандарымызға өзіңізді толығырақ таныстырып өтсеңіз. Туып-өскен ортаңыз, медициналық білімді қай оқу орнынан алдыңыз?
– Мен Қарағанды облысында дүниеге келдім. Өмір жолымды медицинамен байланыстыруға шешім қабылдап, 2010–2017 жылдар аралығында академик Петр Поспелов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университетінде білім алдым. Студенттік жылдар – кәсіби қалыптасудың, адам анатомиясы мен физиологиясының терең қыр-сырын меңгерудің ең жауапты кезеңі болды. Университет қабырғасында алған теориялық білім мен алғашқы тәжірибелік дағдылар кейінгі еңбек жолымның берік іргетасына айналды.

– Жалпы, дәрігерлік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Бұл бала күнгі арманыңыз ба еді, әлде өмірдің басқа бір бұрылысы ма? Алғашқы еңбек жолыңызды қай мекемеден бастадыңыз?
– Шынын айту керек, дәрігерлік жолды бала кезден армандадым деп айта алмаймын. Бұл – ең алдымен әкемнің жүрегіндегі үлкен арманы, қызына артқан асқақ сенімі еді. Әкем: «Қызым ертең үлкен ақ халатты дәрігер болып, халыққа қызмет етсе» деп армандайтын. Сол әкемнің аманатын арқалап, оның тілегін орындау мақсатында осы жолды таңдадым. Уақыт өте келе бұл мамандықтың қаншалықты қасиетті екенін түсініп, жүрек қалауыммен беріліп кеттім. Бүгін таңдаған мамандығымды шексіз жақсы көремін және әрбір атқарған жұмысымнан үлкен рухани қанағат аламын. Ал еңбек жолыма келетін болсақ, 2017 жылы диплом алған соң №5 қалалық емханада қызметімді бастадым. Одан кейін 2018 жылдың наурыз айынан бастап 2025 жылдың тамыз айына дейін №6 қалалық емхананың «Коммунизм» филиалында жалпы тәжірибелік дәрігер болып абыройлы еңбек еттім. Ал 2025 жылдың 24 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін «Достармед Line» емханасында тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіп келемін.
– Тәжірибеңізден байқағанымыз, сізді басқа медициналық мекемеге ауыссаңыз да, бұрынғы пациенттеріңіз арнайы іздеп келіп жатады. Дәрігерін ауыстырмай, соңынан еріп келуі – бұл үлкен сенім мен ерекше құрметтің белгісі. Мұндай сенімге қалай қол жеткіздіңіз?
– Пациенттердің бұлайша ықылас танытып, іздеп келіп жатқаны – мен үшін үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Менің ұстанымым қарапайым әрбір қабылдауыма келген адамды өз отбасымның мүшесіндей, ең жақын туысымдай қабылдаймын. Әр науқастың айтқан шағымын мұқият тыңдап, оның жан дүниесіне үңіліп, дертіне ортақтасуға тырысамын. Кейде адамға дәрі-дәрмектен бұрын шынайы жылы сөз, дұрыс бағыт-бағдар мен адамгершілік қарым-қатынас керек болады. Мүмкін пациенттердің жүрегіне жол таба алуымның сыры осы шығар. Олардың алғысы мен сенімі маған одан сайын жігер беріп, ізденуге жетелейді.
– Заманауи медицинада дұрыс диагноз қою – емнің жартысы. Сіздің тәжірибеңізде күрделі, диагнозы бірден анықталмайтын науқастар көп болғанын білеміз. Нәтижелі ем тағайындауда қандай қағидаларды басшылыққа аласыз?
– Дәрігер үшін ең бастысы – қателеспеу, сондықтан мен медициналық протоколдарды өте көп оқимын. Әлемдік тәжірибелерді қадағалап, үздіксіз ізденемін. Әсіресе дифференциалды диагностикаға ерекше мән беремін. Кейде алдымызға жағдайы өте ауыр, басқа жерлерден шипа таба алмай жүрген диагнозы күрделі науқастар келеді. Мұндай сәттерде «Бұл пациенттің түпкі себебін міндетті түрде табуым керек» деп өзіме үлкен мақсат қоямын. Жалғыз өзім шешім қабылдау қиын болған жағдайларда Қарағандыдағы тәжірибелі әріптестеріммен, студенттік шақта бірге оқыған топтастарыммен ақылдасып, ортақ шешім шығарамыз. Тәжірибе алмасу – сапалы медицинаның басты кілті.
– Учаскелік терапевт ретінде балалардан бастап егде жастағы қарияларға дейін әр түрлі буын өкілдерін қабылдайсыз. Әр жастың психологиясына жол тауып, ем жүргізудің өз ерекшелігі болатын шығар?
– Әрине, екі бағыттың үлкен айырмашылығы бар. Балалармен жұмыс істегенде ерекше жұмсақтық, психологиялық тәсілдер қажет болса, егде жастағы азаматтарға аса үлкен сабырмен, құрметпен қарау маңызды. Бірақ барлық жастағы пациенттер үшін ортақ бір ғана әдіс бар – ол шынайы жанашырлық пен тыңдай білу мәдениеті. Науқастың көңіл күйін ұғып, шағымын асықпай тыңдағаннан кейін ғана оны қажетті тексерулерге бағыттаймын. Диагностика мен зерттеу нәтижелерін толық сараламай тұрып, ешқашан асығыс шешім шығармаймын.
– Қазіргі қоғамда терапевт мамандарға түсетін жүктеме өте жоғары. Тұрғындар арасында қандай аурулар жиі кездеседі және олардың алдын алу үшін не істеу керек?
– Соңғы жылдары өкінішке қарай, аутоиммунды аурулардың, созылмалы жүрек-қан тамырлары және эндокриндік жүйе патологияларының жасарып, көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Мұның бәрі қазіргі қарқынды өмір салты, экология және дұрыс тамақтанбау салдарымен тікелей байланысты. Тұрғындарға айтар басты кеңесім: денсаулығыңыз сыр беріп, қандай дa бір мазасыздық немесе белгісіз шағым пайда болса, уақыт жоғалтып, интернеттен қарап немесе үй жағдайында өзін-өзі емдеумен айналыспай, бірден емханаға келіп тексерілгені әлдеқайда дұрыс. Ауруды уақытында анықтау – оны жеңудің ең төте жолы.
– Маман ретіндегі басты құндылығыңыз не? Денсаулығына немқұрайлы қарайтын жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Мен үшін дәрігерлік қызметтегі ең басты құндылық – пациенттердің денсаулығы мен маған артқан шексіз сенімі. Алдыма келген әрбір адамның дертіне шипа болып, оның отбасына қуаныш сыйлай алсам, бұл – менің кәсіби жетістігім. Ал денсаулығына бейжай қарайтын жандарға айтарым: «Ауру болып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек». Көпшілігіміз ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін түсінбей жатамыз. Сондықтан жыл сайын ең болмағанда 1 рет профилактикалық медициналық тексерістен өтіп тұруды әдетке айналдыру қажет. Өз денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз, себебі келешек жарқын өмір мен бақытты болашақтың негізі – мықты денсаулықта.
– Әсерлі әрі мазмұнды сұхбатыңызға үлкен рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріп, пациенттердің алғысына бөлене беріңіз.
Пациент пікірі:«Қала тұрғыны, 50 жастан асқан Рыскүл Шалтымбаева дәрігер-терапевт Гүлжан Есқараеваны отбасының сүйікті әрі сенімді дәрігері санайды. Айтуынша, отбасының үлкені де, кішісі де денсаулығына қатысты мәселе туындаса, ең алдымен Гүлжан ханымға жүгінеді.
«Гүлжан – біз үшін жай ғана дәрігер емес, отбасымыздың сенімді ақылшысы. Әр науқасты ерекше ықыласпен тыңдап, мейіріммен қарайды. Кәсіби біліктілігіне де, адамгершілік қасиетіне де ризамыз. Қай емханаға ауысса да, отбасымызбен арнайы іздеп барамыз. Осындай ақ халатты абзал жанға айтар алғысымыз шексіз!» – дейді Рыскүл апа».
Сұқбаттасқан: Әсел Абзалқызы



