Jaqtime.kz Жаңақорған ауданында қоғамды толғандырған маңызды мәселелер мен мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған кезекті маңызды жиын болып өтті. Аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысына ауданның дербес бөлім басшылары, кент пен ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының директорлары, балабақша меңгерушілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, маңызды бағыттар бойынша есептер тыңдалды.

Жиынның күн тәртібінде халықты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан толғандыратын үш негізгі мәселе қаралып, жан-жақты талқылаулар жасалды. Атап айтқанда, бірінші мәселе бойынша Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сүлейменов баяндама жасап, өз саласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан профилактикалық шаралар мен алдын алу жұмыстарына тоқталды. Тұрғын үй және жол құрылысы сияқты халықпен тығыз байланысты салалардағы ашықтықты арттыру жайы сөз болды.

Екінші мәселе аясында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәулет Өмірәлиев сөз сөйлеп, құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу бағытында қабылданып жатқан нақты шараларды тізбектеді. Әсіресе, елді мекендердегі құрылыс мерзімі ұзаққа созылып кеткен проблемалық объектілердің жағдайы, оларды шешу жолдары мен мерзімінде тапсырылуын қадағалау жұмыстары ерекше назарға алынды.

Үшінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат Ахметжанов білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, заңбұзушылықтарға жол бермеу бағытында атқарылған ауқымды жұмыстары туралы есеп берді. Отырыс барысында дәл осы білім саласына қатысты қоғам тарапынан айтылып жүрген сын-ескертпелер мен орынды ұсыныстарға үлкен назар аударылды. Аудан басшысы аталған мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әрбір айтылған сынға тиісті деңгейде жедел ден қою, тұрғындармен кері байланысты еселеп күшейту және көтерілген түйткілдерді қатаң түрде заң талаптары аясында шешу қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын тәуекелдердің алдын алу және қызметтік міндеттерді адал әрі жоғары жауапкершілікпен атқару жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Кездесудің басты мақсаты – халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтып, қоғамда заңдылық, әділдік пен ашықтық қағидаттарын берік орнықтыру екендігі айрықша атап өтілді.



