Адалдық пен әділдік – қай дәуірде болмасын өркениетті елдің ең басты тірегі, ал саналы да құқықтық сауатты ұрпақ – жарқын болашақтың берік кепілі. Бүгінгі таңда қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әрбір азаматтың, әсіресе өсіп келе жатқан жас буынның ортақ парзы болуы тиіс. Ар-ожданды ту еткен, заң талаптарын құрметтейтін орта қалыптастыру мақсатында жастардың арасында парасаттылық пен адалдық идеяларын кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Осы игі дәстүрдің заңды жалғасы ретінде «Руханият» орталығында ел арасындағы «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, «Адал ұрпақ – жемқорлықсыз қоғамның негізі» деген терең мағыналы тақырыпта аудандық дебат турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Шараның негізгі идеясы – өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, олардың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілік нәрін егіп, құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Интеллектуалды алаңға айналған салмақты пікірсайысқа ауданымыздағы білім беру ұйымдарынан ең белсенді, өз ойын еркін білдіре алатын 20 жас қатысып, қоғамдағы өзекті де маңызды мәселелер бойынша өзара сөз жарыстырды. Ойын барысында жастар тек шешендік өнерлерін паш етіп қана қоймай, логикалық ойлау жүйесінің ұшқырлығын, қарсы тараптың сұрақтарына тосылмай жауап беру қабілеттерін жан-жақты көрсетті.

Шын мәнінде, мұндай дебат турнирлері жастардың бойында сыни ойлау мен аналитикалық қабілеттерді шыңдауға, әділдік, адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.
Шараға арнайы қатысқан аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов сөз сөйлеп, жастар арасында адалдық қағидаттарын сіңірудің және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың белсенді позициясының ерекше рөліне тоқталды.

Өз сөзінде ол: «Адалдық пен әділдік – әр азаматтың бойында қалыптасуы тиіс басты құндылықтардың бірі. Жемқорлықсыз қоғам құру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан сіздер секілді жастардың осындай пікірсайыс алаңдарында белсенділік танытып, өз ойларын ашық жеткізуі өте маңызды», – деп Әбілғазы Берденұлы қатысушыларға жігер беріп, жылы лебізін білдірді.

Тартысты да тартымды өткен пікірсайыстың қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен ерекше тапқырлығымен және нақты дәлелдерімен көзге түскен командалар үздік деп танылды. Нәтижесінде жүлделі І орынды №125 орта мектебінің құрамасы иеленсе, тартысты ойын өрнегін көрсеткен №289 орта мектебі ІІ орынға табан тіреді, ал үздік үштікті №184 орта мектебінің оқушылары түйіндеп, ІІІ орынға ие болды.
Интеллектуалды сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілсе, турнирдің барлық қатысушыларына белсенділіктері үшін аудандық қоғамдық даму бөлімі басшысының Алғыс хаттары үлестірілді.

Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл ауқымды іс-шара аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай маңызды басқосулар болашақта жемқорлықтан азат, адал әрі ашық қоғам құруға елеулі үлес қосары сөзсіз.



