spot_img
spot_img
HomeҚызылордаЖаңақорған ауданыАрапбек Әбиевтің 85 жылдығына арналған облыстық мүшәйра өтті

Арапбек Әбиевтің 85 жылдығына арналған облыстық мүшәйра өтті

Jaqtime.kz Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Қожакент ауылында ауыл шаруашылығы саласының майталманы, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиевтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Дара жолдың дарабозы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Рухани шараның шымылдығы өңірімізге белгілі еңбек ардагерінің өнегелі жолын дәріптеумен басталып, қаламгерлердің жыр шашуына ұласты. Мерейтойлық жиынға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен облыстың түкпір-түкпірінен келген ақындар қатысты.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан Арапбек Әбиұлын 85 жас мерейтойымен арнайы құттықтап, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай ардагердің иығына шапан жауып, ерен еңбегіне көрсетілген құрметтің биік үлгісін көрсетті.

«Құрметті Арапбек Әбиұлы! Сіз 85 жылдық ғұмырыңыздың үлкен бөлігін туған жердің берекесін арттыруға арнадыңыз. Ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып, маңдай термен атқарылған еңбектің өнегелі үлгісін көрсеттіңіз. Бүгінде сол еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың ортасында, ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп отырғаныңыз – үлкен бақыт. Сіздің мерейтойыңыз – барша Жаңақорған жұртшылығы үшін ортақ қуаныш», – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Рухани сайысқа Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан бақ сынауға келген 11 ақын қатысып, еңбек майталманының өмірі мен ел игілігі жолындағы ерен істерін жырға қосты. Жас қаламгерлердің шығармашылығында адал еңбек, отансүйгіштік және өңірдің өсіп-өркендеуі басты тақырыпқа айналды. Тартысты өткен шығармашылық доданың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар келесідей бөлінді: Бас жүлдені қызылордалық ақын Ұлықбек Тәңірбергенов иеленді. Ал І орын Жаңақорған ауданынан келген Көкен Өскенбайға бұйырса, ІІ орынды шиелілік Гүлбегім Алтынділдә еншіледі. Ал ІІІ жүлделі орынды Қазалы ауданының өкілі Дина Бөкебай мен Жалағаш ауданынан қатысқан Нұргүл Төлеубай өзара бөлісті.

Адал еңбекті ардақтап, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетуді мақсат еткен бұл шара жас ақындарға шабыт сыйлап қана қоймай, еңбек адамының есімін ел жадында жаңғыртуға айрықша үлес қосты.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР