spot_img
spot_img
HomeБілім10 миллион теңге ұтып алғыңыз келе ме? Қазақстанда ауқымды марафоны басталды

10 миллион теңге ұтып алғыңыз келе ме? Қазақстанда ауқымды марафоны басталды

Jaqtime.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, белсенді оқырмандарды қолдауға бағытталған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы өз жұмысын бастады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды. Айта кетсек, бұл бастама былтыр үш өңірде пилоттық форматта сәтті өткізіліп, 190 мыңға жуық адамды қамтыған еді, ал биыл жоба еліміздің барлық өңірін түгел қамтып отыр. Жалпы марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, еліміздің 195 ауданы мен 87 қаласын қамтиды.

Марафонға қатысу тегін әрі ерікті негізде жүргізіледі. Үміткерлер жеті санат бойынша бақ сынай алады: мектеп оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш буын өкілдері бар отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және өзге де азаматтар. Сонымен қатар, саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін арнайы «Parasat» жеке бағыты қарастырылған. Қатысушылар үшін отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын бірыңғай кітаптар тізімі әзірленді, оған сәйкес әрбір қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуы тиіс.

Жоба барысы бірнеше маңызды кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, облыстық іріктеу қорытындысында 4 мыңға жуық жүлдегер анықталса, содан кейін 20 өңірден 200 қатысушы республикалық финалға жолдама алады. Финал кезінде қатысушылар әңгімелесуден өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді, мұнда олардың оқыған шығармаларын қаншалықты меңгергені және әдеби туындыларды талдай білу қабілеті қатаң бағаланады. Осылайша, жоба қорытындысында комиссия еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Жеңімпаздардың әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

Бұл маңызды бастаманың таныстырылымына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы әрі комиссия төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Каналимов және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Марина Подгайнова қатысып, жобаның маңызы мен ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР