ҚР Конституциясы және Қазақстан халқы Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына орай Байқоңыр қаласының орталық алаңында «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты мерекелік концерт өтті.

Іс-шара елдегі бейбітшілік пен достықты дәріптеуге, көпэтносты қоғамның бірлігін насихаттауға бағытталды. LED-экранда тақырыптық бейнематериал көрсетіліп, қазақ биімен басталды.

Мерекелік кештің шымылдығын жүргізушілер еліміздің ынтымақ пен татулыққа негізделген саясаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен маңыздылығы туралы жүрекжарды лебіздерімен ашты. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов айтып, мерейтойдың қоғамдағы мәніне тоқталды. Сондай-ақ этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Концерттік бағдарлама аясында көпэтносты Қазақстанның өнерін паш еткен түрлі әндер мен билер орындалды. Көрермен назарына Ляйсан Гатиятуллинаның «Домбыра туралы балладасы», Ирина Ащеулованың «Бұлбұлым» әні, Надежда Филиппованың «Близкие люди» әні ұсынылды. Сондай-ақ «Ассамблея жастарының» би тобы қазақ биін, грек этномәдени бірлестігі ұлттық биін, ал кәріс этномәдени бірлестігі дәстүрлі биін орындап, мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Көрермендермен арнайы ойындар ұйымдастырылып, кеш ерекше көңілді атмосферада өтті. Бағдарламаның финалында Ассамблея жастары «Менің Қазақстаным» әнін, ал Исмаил Махадинов пен Алдияр Жұмаханбет «Атамекен» әнін орындап, мерекелік концертті қорытындылады.
Байқоңыр тұрғындары мен қонақтары Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған концерттен рухани ләззат алып, елдегі татулық пен келісімнің бағасын тағы бір мәрте сезінді.

